«Ақтөбе жерінде 1750-1780 жылдардағы құлыптастар да жақсы сақталған»
Құлпытастардағы көне жазуларды оқудың тарихты зерттеп-зерделеудегі маңызы өте зор. Кешеге дейін тарихымыз отарлаушылар мақсат-мүддесі тұрғысынан, бір жақты жазылып, шындығынан өтірігі басым болып келгені белгілі, енді шынайы тарихымызды жазу ісіндеқұлпытастар мен оларда сақталған деректердің өлшеусіз бағалы қазына болып табылатыны түсінікті.
Сол қазынаны бізге «жеткізіп», яғни араб қарпімен жазылған мәтіндерді қазіргі қазақ әліпбиіне түсіріп, зерттеу ісімен айналысып жүргеназ ғана білікті мамандар қатарында Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаев бар.
2015 жылы ол Маңғыстау облысының, сондай-ақ, Атыраудың үш ауданы және Ақтөбе облысы Байғанин ауданының ескерткіштері бойынша «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалы мәтіндердің анықтамалығы» еңбегін жарыққа шығарды.
Жуырда Нұрлан Құлбаев біздің редакциямызда қонақта болған еді…
— Кезінде Әлкей Марғұлан: «Ең көркем құлпытастар, сұлу күмбездер, кешендер, сағана тамдар Сағыз өзені бойында, Қобдада, Маңғыстауда сақталған. Оларды сомдаған шеберлер, ұсталар, сұлу қырнаушылар қандай десеңізші!» — деген екен.Сіз бірнеше жылдан бері сол ескерткіштерді зерттеп-қорғау ісінің басы-қасында жүрсіз. Маңғыстау ескерткіштері, олардың сақталуы, зерттелуі жайында әңгімелесеңіз?
— Расында, еліміз бойынша 25 мыңнан астам тарихи ескерткіш бар болса, соның жартысынан көбібатыс өлкеде тіркелген. Маңғыстау облысы — бұрыннан-ақ зерттеушілер арасында «ашық аспан астындағы мұражай» атанып кеткен өңір. Мен бірнеше жылдан бері Маңғыстау ғана емес, көршілес жатқан облыстарды да аралап, тарихи ескерткіштерді, қорымдарды, таста қалған көне жазуларды көріп, оқып, ой түйіп жүргендіктен, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының да осындай атқа лайық екенін жақсы білемін.
Маңғыстау жерінде көне қалалар мен бекіністердің, Ұлы Жібек жолындағы керуен сарайлардың орындары, Х-ХІ ғасырлардан бергі сәулет ескерткіштері, көптеген үлкенді-кішілі қорымдар, яғни, мыңдаған ескерткіштер жатыр. Біздің мекеме арқылы ғана 13 мыңнан астам нысанның құжаттары әзірленіп, есепке алынды. Бекет ата жерленген Оғландыдағы жер асты мешіті, Шақпақ ата, Шопан ата, Қараман ата жер асты мешіттері, Бекет атаның ескі Бейнеудегі мешіті, басқа да орындарды киелі санап, зиярат етушілер еліміздің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Ақтөбе өңірінен де ағылып келіп жатады. Әрине, олардың тарихы, зерттеушілер қалдырған деректер бұрыннан айтылып-жазылып жүр…
Біздің міндетіміз — осы ескерткіштерді сақтау-қорғау жұмыстарына жетекшілік ету. Мемлекеттік қорғауға алынған әр көне ескерткіш, соның ішінде қорымдар да облыстағы мекемелерге, ірі компанияларға бекітіліп қойылған. Олар қорымдарды малдан, өрттен қорғау мақсатындағы қоршау жұмыстарын мойындарына алып,күтім жасау, жөндеу жүргізуге ірі кәсіпорындар тарапынан да қаражат бөлінеді.
Әр қорымдағы құлпытастарды есепке алып, олардың жазуын оқып, қазіргі әліпбиге түсіру ісіне ерекше көңіл бөлінген. Осының нәтижесінде 2015 жылы Маңғыстау өңірі бойынша тұңғыш рет араб графикалы тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми анықтамалығы жарыққа шықты. Сөйтіп, көпшілікке құлпытастағы жазулар сырына үңілу мүмкіндігін ұсындық.
— Құлпытастарды зерттеудің маңызына орай пікір бөліссеңіз?
— Көне түркілерден қалған балбал тастардан бастап, өзіміз қойтас, сандықтас, құлпытас, белгітас атап жүрген зираттар басына қойылған ескерткіш тастардың әрқайсысы — тарих куәгері, көнеден жеткен жәдігер және олардағы жазулардың да тарихи дерек көзі ретінде пайдасы зор. Құлпытаста марқұмның аты-жөнінен бөлек, ру, тайпа, бөлім атаулары нақты көрсетіледі. Бұл — сол жерді біздің ата-бабаларымыздың мекендегенін айғақтайтын дәлел.
Қазақ жеріндегі кейбір мұсылман қорымдарында татар азаматтарының бейіттері де кездеседі. Бұл — сауда қатынасының дамуына, басқа да жағдайларға байланысты беріде келген жандар ғой. Олардың құлпытастарында қай жерде туғаны, кейінгі мекен-жайы ғана жазылады.
Басқа халықтар өз әулетінің шежіресін туған, тұрған жерлеріндегі архивтерден іздесе, біз құлпытастардағы жазулардан іздейміз. Жергілікті тұрғындар құлпытастағы мәтіндер арқылы өздерінің тікелей ата-бабаларының деректерін біле алады. Құлпытастағы жазуды оқи келгенде, ел аузындағы әңгімелерде, фольклорда айтылатын не тарихшылар еңбегінде кездесетін, батыр, бай, би болған тұлғалардың бірінің аты-жөні шыға келетін кездер де болады. Сөйтіп, ол тұлғаның жерленген орны, туған-өлген жылдарына қатысты деректер нақты айқындалады. Маңғыстау жерінен ел аузында, жыршы-жыраулар мұрасында аттары аталатын бірқатар батырлардың дерегі табылды. Бұл бағытта соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі ерекше қуантарлық екенін айта кеткім келеді. Мысалы, бұл өңірдегі зерттеулер кезінде үш бірдей ханның — Айшуақ хан Әбілқайырұлының; Есім хан Нұралыұлының және Жантөре хан Айшуақұлының құлпытастары табылып отыр.
Сондай-ақ, құлпытастар пішінінің алуан түрлілігі, олардағы ою-өрнектер, құлпытасты құйған ұсталардың шеберлігі ерекше қайран қалдырады. Сонау ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қойылған құлпытастар бүгінге дейін жазулары өшпей, әдемі өрнектері мөлдіреген қалпында, бүп-бүтін жетіп отыр?!.
— Әңгімеміздің басында айтылғандай, Әлкей Марғұлан да сол шеберлерге ерекше тамсанған ғой?
— Құлпытастарда оларды жасаған ұсталар туралы, тіпті еңбегі үшін қанша ақы алғаны жайлы деректер де қалған. «Бұ тамның расхоты 3500 манат болды. Ұста Боран Еңсеұлы» немесе «Ұстасы Дүйсенбай Сақиұлы 66 күнде бітірді» сынды сөйлемдер құлпытастарда жиі кездеседі. Біз құлпытастағы жазуларды қағазға түсіргенде, осы ұсталар есімдерін бөлек тіркеп, тізімдеп отырамыз. Бір ұстаның есімін сол маңдағы бірнеше қорымнан кезіктіруге болады. Яғни, елге белгілі шеберлер болған ғой.
— Есімдері қазақша екен…
— Иә, құлпытастар, негізінен, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан.
— Бірнеше ғасырға бүп-бүтін жететін тас соғып, оны нақыштауды, түрлі пішінге келтіруді білген шеберлері бар жұрт неліктен үй салып, қала тұрғызбаған?
— Құлпытастардың жоғары жағы дөңгелек, дөңес, үшбұрышты, төртбұрышты болып келетін сан алуандығы, өн бойы ою-өрнекке толы әдемілігі, расында, таң қалдырмай қоймайды. Көбіне рулас адамдардың құлпытастары пішін жағынан ұқсас келеді. Тек құлпытастар ғана емес, өткен ғасырларда қазақ шеберлері салған мешіттер мен кесенелер де бүгінге дейін жетті. Байғанин жағында сонау ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы күмбезді тамдар тұр.Сондықтан сіз қойған сауал мені де үнемі толғандырады.
Халқымыздың көшіп-қонып жүруі, бәлкім, шаруашылық ыңғайына қарай болған шығар? Өйткені, негізгі күнкөріс көзі — мал еді.
Екінші жағынан, бұл ата-бабалардың дүниетанымына байланысты болуы да мүмкін… Қазақтар өмірді «бес күндік жалған», «өткінші» санаған ғой, ал зират — марқұмның ақырзаманға дейінгі пәни дүниедегі «тұрақты» мекені. Кеңес өкіметінің бастапқы жылдарында да «өлген адамға кесене тұрғызғаннан гөрі, мектеп салған пайдалырақ» деген пікірталастар өрбіген секілді. Маңғыстаудың Қарақия ауданындағы Бірқарын қорымынан 1921 жылы тасқа түсірілген осы мазмұндас мәтінді оқыдық. Сонда қазақтардың өкімет адамдарына: «Бірінші — дін, екінші орында — дүние амалы» деп жауап бергені айтылады…
— Сіз біздің облыстың Байғанин ауданындағы бірнеше қорымнан құлпытастардағы жазуларды қазіргі қаріпке түсірдіңіз. Ал осы сапарыңызда көне қорымдарды аралай алдыңыз ба?
— Бұл жолы Ойыл жағында, Есет батыр Көкіұлы кесенесі қойылған қорымда болдым. Керемет ескерткіштер алдымыздан шықты. Ойыл жағында бұрын өзім көріп жүрген құлпытастардан гөрі ерекшелеу дүниелер бар екен. Биіктіктері 3-3,5 метрге жететін құлпытастарды кезіктірдік.
Көне қорымдардағы құлпытастар жазуларын оқығанда,арасынан Сырым Датұлы көтерілісінде қол бастаған батырлардың бірінің атын кезіктірдік. Негізі, бұрынғы батырларды жерлегенде, құлпытасына — «батыр» деп, ал байларды «мырза» деп атап көрсетеді. Ал енді бір көне қорымдағы «Қыз әулие» атанып кеткен зират, барлай қарағанымда, ер адамның зираты секілді боп көрінді. Құлпытасы сақталмаған әлде жазулары өшіп қалған күнде де, зиратта ер не әйел адамның жерленгенін түрлі белгілеріне қарап айыруға болады… Әрине, мұның бәрі алда әбден зерттеп, нақтылауды қажет етеді.
Бір айта кетерлігі, Ақтөбе жерінде әрідегі, 1750-1780-жылдардағы құлпытастар да жақсы сақталыпты. Маңғыстау өңірінде, негізінен, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басынан қалған құлпытастардағыжазулар оқылады. Ал Ақтөбеде ХVІІІ ғасырда қойылған құлпытастардың жазуларын да оқуға болады екен. Бұл климаттың ерекшелігінің бір артықшылығы болар деп жорамалдадым. Біз кезіктірген құлпытастардың көпшілігін мүк басып кеткен. Сол мүк жазуларды желден, жауын-шашыннан қорғаған тәрізді.
Ал, өкініштісі, табиғат қорғаған сол ескерткіштерді көп жағдайда адамдар мүлде қараусыз қалдырыпты. Көне қорымдардың әрқайсысы бір-бір тарих «оқулығы» екені ескерілмеген… Оларды қоршап, өрттен қорғау мақсатында, айналдыра трактормен жыртып, ор-жыра қазып қою керек еді. Оның бірі істелмеген. Қорымдарды мал «емін-еркін» аралап, әр құлпытасқа сүйкеніп, одан қалды, биылғы жаздың аптап күндерінде төрт тараптан өрт қаупінің төніп тұрғаны да жанымызға батты. Осы әңгімеде мен Маңғыстаудағы көне қорымдарды мемлекеттік қорғаудан бөлек, түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың қамқорлыққа алғанын айтқан едім. Ақтөбеде мұндай іс қолға алынбаған екен. Қорымдар маңындағы ауылдар тұрғындары мен ауылдық округтер әкімдіктері де қамсыз секілді.
— Күнделікті өмірде көне қорымдарға зиян келтіретін оқиғалар, яғни, ел ескеруі тиіс жайттар кезіге ме?
— Қазір жұрт бақсы-балгерлерге тым сенгіш болып алды. Мен көне құлпытастардағы жазуларға бала күнімнен қызығып, мектеп қабырғасында-ақ араб қаріптерін оқуды өз бетіммен үйрендім. Осы іспен біраз жылдардан бері үзбей айналысып келе жатқандықтан, әрі қызметім де осы салада болғандықтан, Маңғыстау өңіріндегі қорымдарды, қай зираттың қалай тұрғанын, қай жерде қандай құлпытас барын жақсы білемін. Кейде бір қорымға айналып соққанда, көне зиратқа жаңа құлпытас қойылғанын көресің. Сұрай келгенде, бұл — «бақсының айтуымен ата-бабасының қайда жатқанын тауып алған» жандардың ісі болып шығады. Сынау үшін, сол кісілер айтқан бақсыларға барып, құлпытастағы өзім оқыған жазбалар бойынша, қай зиратта кім жатқаны жөнінде сұрақ жаудырып көрдім — бірде-бір рет дәл жауап естімеппін.Сондықтан, «бақсы айтты» деген желеумен қорымдардың сақталған қалпына нұқсан келтірілмесе деймін.
— Әңгіме соңын тағы Маңғыстауға бұрсақ… Маңғыстау дегенде, ең алдымен оның «362 әулиелі жер» екені еске түседі. Бала күнімізде көнекөз қариялардың аузынан сан рет естіген осы сөздің шығу төркіні жайлы не айтар едіңіз? Сіздердің қолдарыңызда сол әулиелер жатқан орындарға қатысты деректер бар ма?
— 362 әулиенің екеуі — бергі дәуірдегі әулиелер екені айтылып жүр. Олардың бірі Бекет ата екені даусыз, екіншісіне қатысты түрлі болжамдар бар. «Ал, басқа 360 әулие кім?» — деген сауал төңірегінде де әзірге тек болжамдар ғана алға тартылады: кейбір өлкетанушылар ел аузындағы «бір кездері бұл өңірге дін тарату үшін сонау Мекке-Мәдинеден 360 адам келген екен, халық оларды ерекше құрметтеп, әулие атандырған» деген сөзге жүгінсе, екіншілері «бұл Қожа Ахмет Яссауидің Маңғыстау жеріне келген шәкірттерінің саны болса керек» — деп жорамалдайды. Бұл санды күнтізбедегі 360 күн, шеңбердің 360 градустан тұратыны сынды ұғымдарымен байланыстырып, рухани жұмбақ, тылсым сыр белгісі ретінде қабылдау керектігі де айтылады. Қайткенде де, бұл — бүгін ойдан шығарылмаған, ескіден жеткен, түп-тамыры бар сөз. Оның бір дәлелі — көне ақын-жыраулар шығармаларында «360 әулие» деген тіркестің кезігетіні. Ал бізде тіркелген ескерткіштердің арасында өлкетанушылар Маңғыстауда жатқан 362 әулиемен байланыстырып жүрген орындардың саны әзірге жиырма шақты ғана…
Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.